Көр – мәйітті жерлеу үшін арнайы шұңқырлап қазылған құрылым. Көр сөзімен мүрде, қабір ұғымдары қатар қолданылады. Алайда, қабір ұғымы көрмен салыстырғанда өзгеше мағына береді. Қабір – мүрде жерленген ақымның ішін және оның үстіне үйілген тас пен топырағын қоса жерленген орынды білдіру үшін қолданылады.
Әрбір өлкенің жер жағдайы мен топырақ қыртысының ерекшелігіне байланысты көр құрылысының бірнеше түрлері қалыптасқан. Қазақстанның көпшілік өңірінде көрдің батыс бүйірінен ақым (лақыт) қазылып мәйітті орналастырғаннан кейін ақымның аузын таспен немесе кірпішпен қалап, көр шұқырына топырақ толтыру тәсілі кең таралған. Көрдің бұл түрінің ақым, жанақым, жандатпа деген атаулары бар. Мұндай көрлердің мәйітті орналастыру жағынан біршама айырмашылықтары бар. Мәселен Жетісу өңірінде көр қазудың екі түрі кездеседі. Ең көп тараған түрі үш бөліктен тұрады: құдық, өтпелі қуыс және жерленетін бөлігі – ақым.
Кейбір қариялар бетін жабатын тасын күні бұрын дайындап, өзінің көзі тірісінде үйінің қасына әкеліп, таза жерге сақтап қояды. Мұны біреулер «бетағаш иесінің тілеуін тілеп, ұзақ жасауын тілеп жатады» десе, кейбіреулері жаман ырымға жорып «өлім тілеп жатады» дейді. Сондай-ақ, тірі кезінде көрін қаздырып қоятындар бар. Біреулер жоғарыдағыдай дұрыс тілек тілейді десе, енді бірі керісінше жориды.
Өлікті көрге алдын ала белгіленген қабіршілер салады. Көрде мәйіттің беті батысқа (қыблаға) бұрыла Меккеге қаратыла жатқызылады. Қойған соң жағын таңған орамал мен қолын байлаған таңғышты шешеді, бірақ аяғына байлаған орамалды сол күйінде қалдырады. Жерлеп жатқан кезде «марқұмның жатқан жері жарық болсын, бейіт бейішті, көр нұрлы болсын» деген тілек айтады.
Мәйіттің басына «жастық» деп аталатын көрді қазар кезде арнайы ойып алған жастық тәрізді шымды бөлігін қояды.
Ертеректе қазақтар өліктің оң жағына тостаған, қару-жарақ, әшекей бұйымдар қоятын болған. Марқұмды жерлеп топырақ салуға келгендер көртопырақтан бір уыс топырақ алып, дұға оқып, көрдің ішіне себілетін топыраққа қосқан. Дәстүрлі қазақы ортада ер адамның моласының басына найза немесе ағаш шаншыған. Әйел моласына бақан немесе піспек, бойжеткен болса уық шаншып, ал жас баланың басына бесік қалдырылады. Мола басына ұрпақтарының дәулетіне қарай зират тұрғызылып, ай белгісі орнатылады. Егер қайтыс болған адам ұзақ жасаған болса зират басында жыртыс үлестіріледі. Бұл қарт адамның жасы және жақсы қасиеттері дарысын деген тілектен туған ырым болса керек.
Көр халық түсінігінде өлім, о дүние ұғымымен байланыстырылып, өмір-тіршіліктің қадірін білу, жақсылық пен жамандықты айыра білу сынды тәрбиелік мәнді сөздерде теңеу ретінде жиі қолданады. Мысалы, «үш жеріңнен буғызып көрге бір салса сол жаман» деп келетін терме жолдары бар. Адам баласының алдында қашан да өлім бар екенін ұдайы ескерту мақсатында қазулы көр; қайда барсаң да Қорқыттың көрі, яғни, өлімнен қашып құтылған жан болған емес деген түсінікті әрдайым пенденің есіне салып отырды. Көр азабы деп аталатын о дүниеде тозаққа түспес үшін тіріде адал болып, жақсылық қана жасауды дәріптеп, көрдей қараңғы, көр ішіндей деген теңеулер арқылы қорқытып сақтандырып отырады.
Дәстүрлі қазақы ортадағы көр азабы ұғымының мәнін қазақтың ауызша тарихнамасының аса көрнекті өкілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы этнографиялық дәлдікпен былайша таратты: «әлбетте, қабір ахиреттегі мекен жайлардың алғашқысы. Егер иесі оның азабынан құтылса, кейінгі сынақтардан жеңілірек болады. Ал құтылмаса одан да қиын болады».